Skip to content

Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы

Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінде қарашаның 28 -і күні  7 “Б” сыныбында  қазақтың ұлы ақыны, данышпан ойшылы, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған ашық тәрбие сағаты өткізілді. Іс-шараның мақсаты – жас ұрпаққа Абай даналығын дәріптеп, оның рухани мұрасының терең мәнін түсіндіру, оқушыларды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеу.

Тәрбие сағаты барысында оқушылар Абайдың өмір жолы, шығармашылық кезеңдері туралы жан-жақты мағлұмат алды. Ақынның өлеңдері мен қара сөздерінен үзінділер оқылып, оқушылар оның тәрбиелік мағынасы мен философиялық ойларын талқылады. Сонымен қатар, Абайдың “толық адам” ілімі, адамгершілік, еңбек, білім, бірлік туралы пікірлері бүгінгі күнмен үндестіре қарастырылды.

Шара барысында оқушылар өздерінің шығармашылық қабілеттерін танытып, Абай өлеңдерін мәнерлеп оқып, ақынның қара сөздерінен ой түйіндеді. Ұлы тұлғаның өнер мен ғылымды қатар ұстануға шақырған өсиеттері әр оқушының жүрегіне жетті.

Шара аясында мектеп кітапханашысы А.Сұпығалиева  арнайы “Абай мұрасы – халық қазынасы” атты кітап көрмесін ұйымдастырды.

Көрмеде Абайдың шығармалар жинақтары, зерттеу еңбектері, фотосуреттері, даналық сөздері мен өмірбаянына қатысты материалдар ұсынылды. Оқушылар көрмемен танысып, кітаптардан ақпарат алды. Бұл көрме тәрбие сағатына ерекше атмосфера мен танымдық мазмұн қосты.

Абай мұрасы – халқымыздың шежіресі, ұрпаққа қалдырған баға жетпес рухани қазына. Бүгінгі іс-шара оқушылардың жүрегінен орын алып, оларға үлкен ой салды деп сенеміз.

Сынып жетекшісі Н.К Султанова

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *