Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінде жаңа 2025-2026 оқу жылын айқындайтын «Мектебім – мейірім мекені» атты алғашқы қоңырау жиыны өтті. Балалар өмірінде кезекті оқу жылы басталды. Ол әсіресе, бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндер үшін аса маңызды күн болғандықтан салтанатты жиынға 1-сынып оқушылары және олардың ата-аналары қатысты.
Жаңа 2025-2026 оқу жылы тарихи маңызы бар күндердің қарсаңында аталып өтілуде. Атап айтар болсақ Қазақстан Республикасының Конституциясының қабылданғанына 30 жыл толғанын атап өтсе, Ұлы ақын, ағартушы, данышпан-ойшыл, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы және саяси қайраткер Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуын тойлаған болатын.
Абай – дана, Абай – дара!
Абайға құрмет – қазаққа құрмет! – дей отырып салтанатты жиында Абай Құнанбайұлының «Жыл мезгілдері» өлеңдері оқылса, өнерлі оқушыларымыз Абай әндерінен попурри орындады.
Сағынышпен күткен мерекеміздің алғашқы сөзін алған мектеп директоры Неталиева Гүлзада Қорғанбайқызы алғаш қадам басқан бүлдіршіндерді құттықтай отырып, жаңа оқу жылына барша ұстаздар қауымына сәттілік тіледі.
Келесі кезекте сөз алған мереке қонағы аудандық білім бөлімінің әдіскері Манас Ілиясұлы мектебіміздің жетістігіне тоқталып өтіп, мектеп ұжымына жаңа белестерді бағындыруда сәттілік тіледі.
Бүгінгі мектеп табалдырығын аттаған әр балаға жылы тілек – ертеңгі кәсібилік пен азаматтық кемелдікке бастар сенімді қадам. Жаңа оқу жылы шығармашылыққа, ынтымаққа және жүйелі еңбекке толы болсын.








